2023 жылдың 11 мамырында Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебінде мектеп түлегі
35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің орынбасары гвардия подполковнигі Қайыров Сәндібек Ғалымоллаұлының құрметіне бюст орнату рәсімі өткізілді.

2022 жылы болған қаңтар оқиғасында жас, қайсар мінезді және білімді офицер мемлекеттің мүддесін, қарапайым халықтың тыныштығын қорғауда өз өмірін Отан алдындағы жауынгерлік борышын орындау барысында ерлікпен қаза тапқан.

Бюстті салтанатты түрде Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебінің бастығы полковник Пернехан Басарбекұлы Орынбеков пен Сәндібек Хаировты үлкен өмір жолына шығарып салған сынып жетекшісі Нуржамал Абжаппарқызы Сейдинова ашты.

Салтанатты рәсімге қатысушылар батырдың рухына тағзым етіп, бір минуттық үнсіздік жариялады.

Гвардия подполковнигі Қайыров Сәндібек Ғалымоллаұлы 1982 жылы 11 мамырда Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы Чапаев ауылында дүниеге келген. Ол үлкен отбасының тұңғыш баласы болатын. Мектеп қабырғасынан бастап жауапты, қызықты және күрделі әскери маман болуды мақсат еткен батыл жауынгер.

14 жасында Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық әскери мектеп интернатына оқуға қабылданып, 1999 жылы бітірген.

2004 жылы Құрлық әскерлерінің Әскери институтын бітіргеннен кейін десанттық-шабуылдау бригадасында взвод командирінен бастап бригада командирінің орынбасары лауазымдарын атқарған.

Мемлекет басшысы «Әскери қызметтік борышын өтек кезіндегі ерлігі үшін, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғауда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін ІІ дәрежелі «Айбын» Орденімен ҚР Қорғаныс министрлігінің 32363 әскери бөлім командирінің орынбасары гвардия подполковнигі Қайыров Сәндібек Ғалымоллаұлын наградтау туралы (қайтыс болғаннан кейін)» Жарлыққа қол қойды.

Батыл жауынгер жас командирлер мен офицерлер үшін адал, сенімді және лайықты командирдің үлгісі бола білді.