Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебіне қабылданған 323 тәрбиенуші салтанатты түрде ант қабылдады. Дәстүр бойынша ұландар Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Іс-шара ұландарды алаңға тұрғызудан және мектеп туын алып шығудан басталды. Плацта сымдай тартылып сап түзеген тәрбиенушілер алдында мектеп бастығы полковник Г.Тулеушев барлық ұландарды салтанатты ант қабылдау күнімен құттықтай отырып: ««Жас ұландар, сіздер бүгін ел алдында әскери ант қабылдап отырсыздар, осы уақыттан бастап сіздерге жүктелген міндет те зор болмақ. Өйткені, әскери ант – әскери өмірдің өзгермейтін заңы. Әскери өмір қаншалықты қиын болғанымен, жарғымен белгіленген талаптарды орындау – парыз және қасиетті міндет. Сіздердің міндеттеріңіз – өздеріңізге жүктелген тапсырмаларды жауапкершілікпен орындау. Туған жерімізге тер төгіп, антқа адал болу», деп жас ұландарға жалынды сөздерін арнап жігерлерін жандырды.
Ант қабылдау рәсіміне ата-аналар, Қарулы Күштері ардагерлері ұландарды ұмытылмас күндерімен құттықтады және алдағы оқуларына толағай табыстар тіледі.
Ант қабылдаған соң, әскери көріністер, яғни дефиле, қоян-қолтық ұрысы көрсетіліп, іс-шара концерттік бағдарламаға жалғасты.
https://voencollege-shymkent.edu.kz/kk/me-tep-tur-ly/zh-lykt-r/s-lt-n-tty-t-rde-nt-k-byld-dy#sigProId4902ab051f