7 мамыр – Отан қорғаушылар күні халқымызға тән батырлық пен ерліктің, Отансүйгіштіктің мерекесі. Атаулы күннің жас буынды патриоттық бағытта тәрбиелеуде маңызы айрықша. Өскелең ұрпақты ерлікке үндейтін мерекелік іс-шаралар шеруі Шымкент қаласында да аталып өтті.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиынның төріне еліміздің Мемлекеттік Туы салтанатты жағдайда шығарылып, Мемлекеттік Гимн шырқалып, көпшіліктің рухын көтерді.

«Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 31 жыл толып отыр. Осы жылдар арылығында ұлттық армиямыз түрлі даму сатыларынан өтіп, жылдан жылға қуаты артып келеді.

Айбынды армиямыз – тұғырлы Тәуелсіздігіміз бен мемлекетіміздің берік қорғаны болып табылады” – деді қала әкімі М.Айтенов.
Сонымен қатар жиында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев Қарулы күштердің ардагерлері мен жауынгерлерді мерекесімен құттықтап, жоғары деңгейде қызмет атқарған әскери қызметкерлер мен сарбаздарды марапаттады.

Жиын соңы сарбаздар мен жергілікті әскери оқу орындары курсанттарының және эстрада жұлдыздарының мерекелік концертіне ұласты.