Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры және «Халық қаһарманы» Сағадат Нұрмағамбетов артына өшпес із қалдырған, ісімен өзгеге үлгі-өнеге бола білген жан.
1942 жылдың шiлде айында 18 жаста кеңес әскер қатарына қабылданып, Түрікменстанда пулеметшiлер дайындайтын училищенi үздiк аяқтайды. Кейін взвод командирi ретiнде майдан шебiне аттанады. Кубань, Дон, Молдавия жерлерiнде, Одер, Шпрее өзендерiнiң бойында жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысады.
1945 жылы 17 қаңтарда Нұрмағамбетов Польша жерiнде жау қорғанысын бұзып өту кезiндегi жауынгерлiк тапсырманы ержүректiлiкпен орындайды. 1945 жылдың 27 ақпанында 21 жасында Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес одағының батыр атағы беріліп, ал 1945 жылдың 31 мамырында Қызыл ту орденімен марапатталды. . Соғыс аяқталғаннан кейін Сағадат Нұрмағамбетов 1949 жылы Мәскеудегі Әскери академияны бітіріп, Түркістан әскери округі штабында қызмет істеді. 1954-1958 жылдары мотоатқыштар полкінің командирі, 1958-1961 жылдары мотоатқыштар дивизиясының штаб бастығы, 1962-1969 жылдары Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, 1969-1989 жылдары Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік әскери тобы қолбасшысының бірінші орынбасары болды. 1991-1992 жылдары Қазақстан Республикасы мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы, 1992-1995 жылдары Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, 1995-1996 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі қызметтерін атқарды. Сондай-ақ Ленин, екі Қызыл Жұлдыз, 1, 2-ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту, Құрмет Белгісі, Октябрь революциясы, екі Еңбек Қызыл Ту, «Отан» ордендері, медальдарымен, шетелдердің орден-медальдарымен марапатталған. 2013 жылы 24 қыркүйекте Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов өмірден озды.

25.05.21 5 25.05.21 25.05.21